ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында BIM-технологиялар саласында фин тәжірибесін қолдану көзделуде. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің «Collaprime Oy» фин компаниясының бас директоры Тони Линдквистпен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ынтымақтастық мәселелері талқыланған жүздесуде кәсіптік білім беруде оқыту модульдерін енгізу, 3D цифрлық жобалау саласындағы мамандарды даярлау, сондай-ақ BIM-технологиялар, 3D-модельдеу саласында фин тәжірибесімен алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.
«Collaprime» халықаралық сыйлықтардың иегері және 2016 жылы BIM-технологиялары бойынша (зияткерлік 3D-модельдер пайдалану негізінде ғимараттарды ақпараттық модельдеу) Финляндияның ең үздік компаниясы болып табылады.
Архитектуралық бөлшектерді, инженерлік жүйелерді және құрылыс конструкцияларын жобалау бойынша мамандар осы технологияларды ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын жоспарлау, жобалау, салу және пайдалану кезінде тиімді қолдана алады.
«Финляндияның BIM-технологияларды толыққанды пайдалану кезеңі 30 жылға созылса, Қазақстан үш жылдың ішінде, яғни 2020 жылға қарай өтуді жоспарлап отыр. Біздің өзара әріптестігіміз Қазақстанның түрлі салаларына BIM-технологияларды сәтті енгізуге септеседі», - деді Тони Линдквист.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).