БҚО-да бір аптаның ішінде 1500-ге жуық жүргізуші шекарадан өтті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 26 қазан мен 1 қараша аралығында 1158 жаяу жүргінші шекарадан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың облыстық жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, соның ішінде 1044 адамның COVID-19-ге анықтамасы болған.

Анықтамасы жоқ 114 адам екі күнге карантиндік стационарға жатқызылып, сынама алынған кезде Түркістан облысының үш азаматынан коронавирус анықталды.

Анықтамасы жоқ 19 шетелдік азамат кері қайтарылды.

Сондай-ақ осы кезеңде шекарадан 1482 жүргізуші өтті. Соның 889-ының анықтамасы болған жоқ. Солардың ішінен ресейлік 2, батысқазақстандық 6 азаматтан індет табылды. Оған қоса 2323 транзиттік жүргізушінің 19-ына кіруге рұқсат берілген жоқ.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр.

Өңірде қазан айында 161 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.

Тек соңғы аптада 71 адамнан COVID-19 анықталды. Соның ішінде 34-інен (47,9 пайызы) ауруханаға жатар алдында, 17-сінен (23,9 пайызы) қарым-қатынаста болғандарды тексерген кезде, 12-сінен (16,9 пайызы) жұмысқа бару және мемлекеттік шекарадан өту үшін профилактикалық мақсатта сынама алынған уақытта, 8-інен (11,3 пайызы) медициналық мекемеге жүгінген сәтте індет жұқтырғаны белгілі болды.

Індет жұқтырғандардың 40,8 пайызы (29 адам) – зейнеткерлер, 19,7 пайызы (14) – жұмыс істейтіндер, 14,1 пайызы (10) – жұмыссыздар, 9,9 пайызы (7) – медицина қызметкерлері, 9,9 пайызы (7) – оқушылар, 4,2 пайызы (3) – мұғалімдер, 1,4 пайызы (1) – балабақша тәрбиеленушісі.

«Облыста қазіргі таңда 7 вирусологиялық зертхана жұмыс істеуде. Қазан айы басталғаннан бері жүргізілген зерттеулер саны 31,7 пайызға көбейді. Күні бүгін облыс ПТР диагностикасы үшін 36784 зерттеуге арналған 734,7 тест-жүйесімен қамтамасыз етілген», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да той жасаған ауыл әкімінің қызметінен босатылатынын жазған болатынбыз.