БҚО-да бір жылда 11533 жаңа жұмыс орны ашылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы 11533 жаңа жұмыс орны, соның 6639-ы немесе 57,6 пайызы ауылдық жерде ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, соның 5738-і немесе 49,8 пайызы - тұрақты жұмыс орындары.  Жыл ішінде 12586 адам еңбек орнын тапса, соның 9008-і жұмыспен қамту бөлімдері арқылы, 3578-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша және 4927 адам шағын және орта кәсіпкерлікке орналасты. Ақысы төленетін қоғамдық жұмыстарға 6328 адам жіберілді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес өткен жылы 5 млрд. 56,1 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 3 млрд. 667,0 млн. теңгеге 200-ден астам әлеуметтік нысан жөнделді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерде көптен қолға алынбаған нысандар қайта түледі. Мысалы, Чапаев ауылында орналасқан, 42 мыңнан астам адамға қызмет ететін Ақжайық аудандық ауруханасы 1972 жылы салынғаннан бері жөндеу көрмеген екен. Осы маңызды нысанға өткен жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, қайтадан пайдалануға берілді. Сол секілді Қазталов ауданындағы Нұрсай ауылында 30 жыл бұрын салынған білім ордасы, Теректі ауданында іргесі қаланғанына 49 жыл болған Приречный орта мектебі жөнінде де осыны айтуға болады. Сондай-ақ өңірде 28 мәдениет нысаны жөнделді. Құрылыс, жөндеу жұмыстарының қолға алынуына байланысты 2307 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1162 адам орналасты. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 932,4 млн. теңге қарастырылып, 307 адамға шағын несие есебінде 919,0 млн. теңге, 289 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 13,4 млн. теңге бөлінді. 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін 330 адам 848,0 млн. теңге шағын несие алды. 2013-2014 жылдары алынып, қайтарылған несие қаражаты есебінен 26 адам 57,6 млн. теңге шағын несиеге қол жеткізді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 1059 адамды оқытуға 214,0 млн. теңге бөлінді. Сол секілді жастар тәжірибесін ұйымдастырып, 459 жас маманды мемлекеттік қолдау үшін республикалық бюджеттен 105,1 млн. теңге қаралды. Өткен жылдың он бір айының өзінде 603 адам жастар тәжірибесіне жіберілді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамту шаралары жаңа жылда да жалғасын табады.