БҚО-да бір жылда 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөнделді
Соның бірі - Теректі аудандық орталық ауруханасы бүгін пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсіміне Мәжіліс депутаттары Зәуреш Аманжолова мен Бақтияр Мәкен, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Аталмыш аурухана ғимаратында құрылыс-жөндеу жұмыстары 2017 жылдың шілде айында басталған. Оған облыстық бюджеттен 480 млн жуық теңге жұмсалды.
Облыс басшысының атап өткеніндей, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық салада тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жыл Теректі ауданы үшін де жемісті болып, ауылдарға газ, су құбыры тартылып, жолдар мен мектептер жөндеуден өтті.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты З.Аманжолова аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесіп, өзінің дәрігерлік тәжірибесімен бөлісті.
Айта кету керек, аудандық аурухана ғимараты 33 жылдан бері жөндеу көрмеген. Өткен жылы облыс әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде ақсақалдар осы аурухананы жөндеу мәселесін көтерген еді.