ОРАЛ. ҚазАқпарат - Еліміздің тұрақты дамуы, визалық тәртіптің жеңілдетілуі өңірге келуші шетелдік азаматтардың көбеюіне әсер етуде. Бұл туралы БҚО ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Департаменттің көші-қон қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Әлия Шыңғалиеваның айтуынша, өткен жылы облыста 23 мыңнан астам шетелдік азамат уақытша тіркелген. Сонымен қатар өңірде тұрақты тұрып жатқан және тұруға рұқсат алған 205 шетелдік азамат мемлекеттік кірістер органдарында шағын және орта бизнес нысандары ретінде есепке тұрған. Ал 6 мыңнан астам еңбек иммигранттары жеке тұлғаларда еңбек етуге рұқсат алды.
Жиында кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
БҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ербол Бердешев өткен жылы кәсіпкерлерге қатысты 36 ауыр қылмыстың тіркелгенін жеткізді. Бұл - негізінен ұрлық, кісі тонау, қарақшылық және басқалар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).