ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылында Батыс Қазақстан облысында 399 мектеп жұмыс жасап, оларда 88 мыңнан астам оқушы білім алмақ.
БҚО білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, оқушылар санының азайып, талапқа сай келмеуіне байланысты өңірде сегіз бастауыш мектеп жабылды. Сондай-ақ шәкірттер санына байланысты Зеленов ауданындағы Красноармейск орта мектебі негізгі, 3 негізгі мектеп бастауыш мектеп болып қайта құрылды.
Биыл алдын ала мәліметке қарағанда, бірінші сыныпқа 10899 оқушы (8393-і - алты, 2506-сы - жеті жастағылар) қабылданып, олардың 7849-ы мемлекеттік, 3050-і орыс тілінде білім алмақ.
Биыл жетінші рет өткізіліп отырған «Мектепке жол» шарасы аясында кірісі аз отбасылардың 1967 баласына 6,871 млн. теңге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 5,494 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.
Бірқатар мектептерде күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты ондағы шәкірттер уақытша басқа ғимараттарда оқитын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).