ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысында қатты желдің салдарынан бірқатар жерлерде жарық өшіп қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрболат Мұқажановтың айтуынша, Орал қаласының бірнеше шағынаудандарында жарық сөніп, қайта қосылды. Дәл қазіргі сәтте қалаға қарасты Круглоозерный, Серебряков, Желаев ауылдары жарықсыз қалып отыр.
Мұндай жағдай Жаңақала ауданында да орын алды. Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің сөзіне қарағанда, аудан орталығының өзінде кей жерлер бірнеше сағат бойы жарықсыз қалса, бірқатар көшелерде жарты күнге дейін болмады. Үзілген электр сымдары жалғанып, жарық қайта берілді.
Айта кетейік, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге дейін жетуі мүмкін екендігі кеше хабарланған болатын. БҚО ТЖ департаменті дәл осындай ескертуді бүгін де жариялап отыр. Ертең, 30 мамыр күні оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 18-23 метрге жетуі ықтимал.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).