ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 750,5 млн теңгеге 20 денсаулық сақтау нысаны жөнделмек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Оралда 300 төсектік қалалық көпбейінді аурухананың ашылуына байланысты облыстық клиникалық ауруханада ғимарат босады. Сол ғимарат қайта жөнделіп, қалада жетінші емхана ашылатын болады. Осыған дейін қала емханаларында электронды табло орнатылса, енді осындай жүйе Ақжайық, Бөрлі және Зеленов аудандарында енгізіледі. Оған қоса 550 млн теңгеге жедел жәрдем көліктері, 174 млн теңгеге 600 дана ұйымдастыру техникасы сатып алынбақшы.
Айта кетейік, облыста 36 денсаулық сақтау мекемесінде медициналық ақпараттық жүйелер және бірыңғай Call-центр жұмыс істей бастады. 2016 жылы денсаулық сақтау саласына 56 көлік сатып алынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).