БҚО-да биыл 466 км жол жөндеу көзделуде

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 466 шақырым жол жөндеу көзделуде. Бұл туралы «Қазақстан - Орал» телеарнасынан тікелей эфирде облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңір жолдарын жөндеуге қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы, өткен жылы 23,5 млрд. теңгеге 292 шақырым жол ретке келтірілді. Биыл облыс жолдарын жөндеуге барлық қаржы көздерінен 36,5 млрд. теңге қаралып отыр.

«Орал қаласының өзінде 8 млрд. теңгеге 67 көше жөнделеді. Мұндай көлемдегі жөндеу ешқашан болған емес. Оған қоса депо көпірі 2,3 млрд. теңгеге кеңейтіліп, қайта салынады. Қазір оның жартысынан астамы бұзылды. Бұл құрылыс екі жылға есептелгенмен, «арық айтып, семіз шық», деген, жұмысты барынша сапалы да тез атқаруға күш салудамыз. Бұрын қаланың орталық көшелеріндегі жолдар ретке келтірілсе, енді шеткері аумақтарына да көңіл бөлінуде. Мұндай жұмыстар облыс аудандарында да жасалады. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытында биыл 9 млрд. теңгеге 50 шақырымдай жол салынады. Сол секілді республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Жәнібек бағытындағы жолды күрделі жөндеу жалғасады. Қазір жол Жалпақталға дейін жетсе, биыл одан асып, Қазталов ауылына дейінгі жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Бұл құжаттама дайын болса, келесі жылдың жоспарына енгізіледі. Жәнібектен бері қарай 11 км жол тартылса, биыл ол 20 шақырымға жетеді. Сонымен қатар қала ғана емес, елді мекендердегі ауылішілік жолдар да салынатын болады. Жалпы, жолдарға қатысты шағым өте көп. Сондықтан бұл мәселені үнемі назарда ұстап отырмыз. Екіншіден, жол салатын мердігер мекемелер өз жұмысын сапасыз атқаратын болса, оларға тиісті шаралар алынады», деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы екі сағатқа жуық уақыт ішінде облыстағы өзекті мәселелерді алға тарта отырып, тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.

Соңғы жаңалықтар