БҚО-да «Бизнес-бастау» жобасы жүзеге асырылмақ
Осыған орай өңірде кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылатын болады. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту 2015 жылдан бастап қолға алынды. Осы орайда кәсіпкерлікті қаржылай қолдау тетіктерін енгізу, әкімшілік кедергілерді алып тастау секілді жұмыстар жалғасады. Соның ішінде ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлінбек. Осы бағытта «Бизнес-бастау» жобасы жүзеге асырылмақ. Бұдан бұрын қанатқақты жоба ретінде Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында қолға алынған «Бизнес-бастаудың» мақсаты - өзін-өзі қамтып отырған және жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру. Алдымен бес ауданда мыңға жуық адам оқытылады. Содан кейін барлық аудандар қамтылмақшы.
Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен шағын несиелеу де назарда болмақ. Бұл жұмысты БҚО әкімдігі мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірлесіп атқарады. Осы мақсатқа БҚО әкімдігі 300 млн. теңге, қор сонша көлемде қаржы бөледі. Әр кәсіпкер 18 млн. теңгеге дейінгі несиені 7 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Кепілдікке саман үй, техниканы қосқанда, кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлік қойылады.
Айта кетейік, 2016 жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден бизнестерін қорғау жөнінде 133 өтініш түссе, соның 71-і бойынша оң шешім қабылданған. Шағым жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, келісімге келу рәсімдері, салық, бәсекелестік және баға белгілеу мәселелері бойынша жиі түседі. Өткен жылы 564,941 млн. астам теңгенің мүліктік құқығы қорғалды.
2016 жылы сервистік қолдау аясында сегіз бағыт бойынша 1930 қызмет (157,2 пайыз) көрсетілген. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлікке қолдау орталықтарының кеңесшілері 7411 адамға 7663 кеңес (114 пайыз) берген.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының септесуімен 304 нысан өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 млрд. 664,743 млн. астам теңге көлемінде қаржылай қолдауға қол жеткізді, 228 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды.
Өткен жылы кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына 20 486,2 млн. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және қызметтер бағытындағы сегіз жоба енгізілді.