БҚО-да Білім күні балалар қауіпсіздігін сақтауға 540-қа жуық полиция қызметкері жұмылдырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылының басталуына орай полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытында шаралар қабылдады.
Білім күні полиция қызметі күшейтілген кестеге көшіріліп, барлық оқу ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 539 қызметкер мен 120 автокөлік жұмылдырылды.
Жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап мектеп алдындағы жол өткелдерінде балалар жарақатының алдын алу мақсатында таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаратын болады.
Білім мерекесіне орай БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев Орал қаласындағы № 1 орта мектепте болып, балаларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Департамент басшысы оқушыларға сәттілік тілей отырып, құқық бұзушылықтарға жол бермей, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
«Оқушылар арасында жәбірлеу – буллинг деген проблема бар. Бұл әр түрлі сипатта болады, оның салдары суицидке әкелуі мүмкін. 12-ден 16 жасқа дейінгі балалар буллинг жасаса, оның заңды өкілі әкімшілік жауапқа тартылады. Ал 16-дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер жасаса, өздері жауапқа тартылады. Мұндай әрекеттерге жол бермеңіздер. Үлкендер кішілерді қорғап жүріңіздер. Мектеп әкімшілігінен осы мәселені бақылауға алуды сұраймын», - деді Арман Молдиярұлы.
Департамент бастығы сонымен қатар жасөспірімдердің есірткі тарату жолына түсіп, нашақорлықтың құрығына ілікпеуі үшін ата-аналар тарапынан үнемі бақылау болуы қажеттігін атап өтті. Себебі мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген, сот практикасы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Қазір біз «Орал – есірткісіз қала» деп аталатын жаңа жоба бойынша жұмысты бастадық. Бұл жұмысқа барлық мүдделі ұйымдарды жұмылдырдық. Құмар ойындарға, әсіресе, жоғары сынып оқушылары әуес болмаңыздар. Бұл орайда барлық проблеманы айту мүмкін емес. Сондықтан ата-аналардан және мектеп ұжымынан мұндай жағдайларды байқасаңыз, арнайы жедел желіге хабарласуыңызды сұраймын. Бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», - деді А.Оразалиев.
Сондай-ақ ол өз сөзінде скутерлерді басқару бойынша заңның күшіне енгенін айтып, осы көлік түрін қолдануда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде ескертті.
Білім күні полиция қызметкерлері өңірдегі мектеп, колледждерде болып, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға жұртшылықтың назарын аударды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жастар арасында есірткіге тәуелділер неліктен көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.