БҚО-да Bokei Orda Trail 2023 марафонының жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астана күніне орай Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының тарихи Хан ордасы ауылында Bokei Orda Trail 2023 республикалық жүгіру марафоны мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 100-ден астам желаяқ қатысып, бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов жиналғандарды Астана күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді.
БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз тұңғыштар мекені аталған Хан ордасына алғаш рет аяқ басып отырғанын айтып, табиғаты әсем жерде мұндай спорттық іс-шараның кең көлемде ұйымдастырылуының мәні зор екендігін жеткізді.
Турнирді ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, күн ыстық болғандықтан, марафон таңғы сағат 06.00-де басталып, қатысушылар 7 шақырым қашықтықты қалың құмның ішімен жүгіріп өтті.
Қорытындысында ерлер арасында оралдық Қаныбек Ерсайын жеңімпаз атанса, казталовтық Баубек Ілиясов екінші, Ақжайық ауданынан келген Қуандық Төлегенов үшінші орынға ие болды.
Әйелдер арасында оралдықтар Ләззат Төлепбергенова, Айман Сәрсенғалиева және Диана Әсетова үздік үштікке ілікті.

Жеңімпаз-жүлдегерлер диплом, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.