БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды

Фото: Көліктегі полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 13-14 желтоқсандағы боран кезінде жоғалып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бүгін Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат ауылы маңында 57 жастағы ер адамның денесі табылды.

Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы, Казталовта 35-тегі ер адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Марқұмдар үсіп кеткен.

Ақжайық ауданында 54 жастағы ер адам тірі табылды. Оның аяқ-қолы үсіген, Орал қаласына жеткізіледі.

— Қазіргі таңда Жәнібек ауданында 59 жастағы ер адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған ТЖ, әскери бөлім, полиция және жергілікті атқарушы органдардан 48 адам, 8 техника жұмылдырылған, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су мұнарасы құлап, бір адамның жоғалып кеткенін жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да боранды күні адасып кеткен екі адам табылмай жатыр.