ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты республикалық жолда қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша бүгін жергілікті сағат 09.00-ден бастап республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (76-104 км, Тасқала ауылынан Ресей шекарасына дейін) жолы барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Осы маңда күшті жел көтеріліп, боран соғып тұр, соның кесірінен жолдың көрінуі нашарлаған.
Кеше «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес 10 ақпан күні облыстың батысы, солтүстігі және шығысында тұман түсіп, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын көтерілетіні жөнінде БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялаған болатын. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Оралда да күн бұзылып тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райына байланысты республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).