ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты тағы да жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өңірдің кей жерлерінде бұрқасын көтеріліп, желдің жылдамдығы секундына 15 метрге жеткен.
Осыған байланысты 4 наурыз күні сағат 22.00-ден бастап республикалық маңызы бар Қазталов - Жәнібек - РФ шекарасы және Өнеге - Бисен - Сайқын бағытындағы жолдарда барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
«Қазіргі кезде 8 облыстық, 4 республикалық, барлығы 12 жол жабық. Жолдардың жабылғаны жөнінде тұрғындарға СМС хабарламалар жіберілді», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаментінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауа райының нашарлауына байланысты жолдардың жабылғанын жазған болатынбыз.
Одан кейін де боранға байланысты тағы бір республикалық жол жабылған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).