БҚО-да боранға байланысты Тасқала жолы жабылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Тасқала-РФ шекарасы аралығындағы жолы жабылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Асхат Қыдыровтың айтуынша, күшті жел мен боранға байланысты бұл бағыттағы жол жергілікті сағат 17.00-ден бастап жабылды.

«Тасқала жолының қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Ол жөнінде қосымша хабарланатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Қыдыров.

Еске сала кетейік, өңірде 4-5 ақпан күндері күшті жел тұрып, бұрқасын соғатыны жөнінде ТЖ департаменті алдын ала хабарлаған болатын.