АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Қазавтожол" ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, бүгін сағат 11.00-ден бастап қатты бұрқасынға байланысты оңтүстік аудандар бағытындағы жолдар жабылды.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолында барлық автокөліктер қозғалысына шектеу қойылды.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға СМС- хабарламалар жіберуде.
Оған қоса "Қазгидромет" РМК БҚО филиалы хабарлағанындай, 5 қаңтар күні өңірдің кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Бұрқасын көтеріліп, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14, кей жерлерде 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
Сонымен қатар, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, сағат 13.00-ден бастап облыстық маңызы бар "Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу" және "Жаңақала-Сайқын" жолдары да жабылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).