Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға бүгін Теректі ауданы Подстепный ауылында болды. Бір оқушы екіншісіне пышақ сұғып алған.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Теректі ауданы мектептерінің бірінде болған бұзақылық іс-әрекетке байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша оқушылар арасында өзара келіспеушілік негізінде жанжал туындаған.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
— Күдікті оқушы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жанжалға қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу бойынша міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Материалдар сондай-ақ қосымша шаралар қабылдау және осындай құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберілді. Қылмыстық істі тергеу барысы БҚО полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі күн ішінде бұрын іздеуде болған 13 күдікті ұсталғанын жазған едік.