ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында заңсыз атып өлтірілген 45 киіктің ұшасы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мәлім еткендей, оқиға 5 ақпан күні Жаңақала ауданында орын алған.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары рейд кезінде шамамен бір апта бұрын атып өлтірілген 45 киіктің ұшасын тапты. Сондай-ақ 25 киік сүйегінің қалдықтары табылды.
Оқиға орнына Жаңақала ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақырылды.
Осыған ұқсас оқиғалар 24 және 30 қаңтар күндері де орын алған болатын. Онда атып өлтірілген 71 киіктің өлексесі табылған еді.
Аталған браконьерлік деректері бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының киік мүйізімен ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).