ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында браконьерлер киік мүйіздерімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының инспекторлары аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген рейдтік шаралар кезінде 9 сәуір күні сағат 21.50 шамасында Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында «Лада 21214» автокөлігін тоқтатқан.
Автокөлік рулінде Қазталов ауданының тұрғыны отырған, сондай-ақ бір жолаушы болған. Автокөлікті тексерген кезде сөмкеден 37 дана киік мүйізі табылды.
Аталған дерек бойынша, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі ҚР ҚК 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан 70-ке жуық киік мүйізі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).