БҚО-да бірқатар судья мен сот төрағалары тағайындалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облыстық сотында өткізілген жалпы отырыста БҚО сотының төрағасы Азат Ізбасаров Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы №1312 Жарлығымен таныстырды.

Фото: БҚО соты

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған Жарлық бойынша Алтынбек Құспанов Бөрлі аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Алтынбек Жақсылықұлы еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық сотында маман және жетекші маман ретінде бастаған. Кейін Бөкей ордасы аудандық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы, Жәнібек аудандық соты кеңсесінің меңгерушісі, БҚО соты кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Кейін Орал қаласының №2 сотының судьясы және Теректі аудандық сотының төрағасы болды.

Фото: БҚО соты

Әсиля Биссалиева Теректі аудандық сотының төрағасы болып ауысты.

Әсиля Орынғалиқызы еңбек жолын Батыс Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастаған. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бас маман, сот отырысының хатшысы болды. Кейін БҚО бойынша соттар әкімшісінде және Орал қаласының №2 сотында бас маман – сот отырысының хатшысы болып жұмыс істеді. Бөрлі аудандық сотының судьясы, сондай-ақ БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметтерін атқарды.

Фото: БҚО соты

Райгүл Амангелдинова Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы лауазымына жаңадан тағайындалды.

Райгүл Бейбітқызы 2012 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолында Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Ұлан, Ақсуат аудандық соттарында, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында бас маман - сот отырысының хатшысы қызметін атқарған.

Кейін Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Абай облысы бойынша департаменті ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы лауазымында жұмыс істеген.

Фото: БҚО соты

Әсия Амангелдиева Орал қаласының №2 сотының судьясы болды.

Әсия Өрікқарақызы 2000 жылы Тараз мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын сот жүйесінде Орталық аудандық халық сотының сот отырысының хатшысы қызметінен бастаған. Кейін Тараз қалалық сотында сот отырысының хатшысы қызметін атқарған.

2003-2026 жылдары Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының құрамында адвокаттық қызметпен айналысты.

Іс-шара соңында облыстық сот төрағасы А.Ізбасаров жаңадан тағайындалған судьяларға қызметтеріне табыс тілеп, әділдік пен бейтараптық қағидаттарын берік ұстанып, заң үстемдігін қамтамасыз етуде жоғары жауапкершілік танытуына тілектестігін білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңадан тағайындалған судьялар таныстырылғанын жазған едік.