ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ер адам екі айға қамалды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабының тәртібімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Прокуратура мәліметіне қарағанда, іс өндірісте. Материалдар күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауды қарау туралы сотқа жіберілген.
- Орал қаласы мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 16 жастағы қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын жазған едік.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағына (кәмелетке толмаған қызды зорлау) сәйкес қылмыстық іс қозғалған болатын.
Тұрғындар сөзіне қарағанда, 57 жастағы күдікті Шыңғырлау ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Оқиғадан кейін қызметінен босатылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).