БҚО-да бұрқасын көтеріліп, көктайғақ болады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне қарағанда, 28 наурызға қараған түнде және ертең күн райы бұзылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың кей жерлерінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Күн жауын-шашынды болып, тұманға қоса бұрқасын көтеріліп, көктайғақ болмақ.

Орал қаласында да осындай ауа райы орын алып, желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетпек.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, қауіпсіздік шаралары қолға алынуда.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында ақпанның аяғы мен наурыз айында қар мол түсіп, қыстың соңы ұзарып кетті. Бұл, әсіресе, малға қиын тиюде.

Қазіргі кезде өңірде көктемгі су тасқынына байланысты Орал қаласы мен барлық аудандарда қар шығару жұмыстары қауырт жүргізілуде. БҚО ТЖ департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың сөзіне қарағанда, осы кезге дейін 343 мыңнан астам текше метр қар шығарылып, 2162 текше метр су сорылды.

Көп жылдық мониторингке сәйкес өңірде суға кету қаупі төнетін 76 елді мекен бар. Ол жерлерде 36 мыңнан астам адам (9 мыңнан астам үй) тұрып жатыр. Сондықтан, әсіресе, осы аймақтарда су тасқынының алдын алуға айрықша қам жасалуда.  

Фото: auto.howstuffworks.com