БҚО-да бүйрек синдромды геморрагиялық қызба дертін жұқтырғандар саны көбейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда 17 адамның бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруын жұқтырғаны тіркелді.

فوتو: pexels

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен (13) салыстырғанда, бұл көрсеткіштің артқаны байқалады. 

Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, аталмыш дертпен Орал қаласында 12, Бәйтерек ауданында 3, Бөрліде 2 адам сырқаттанған. 
Науқастардың тышқан тәріздес кеміргіштермен байланыста болғаны, балық аулауға шығып, шөп шабу жұмыстарына қатысқаны анықталды.

— Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруының алдын алуға болады. Ол үшін шөп, бидай, бидай өнімдерімен жұмыс істеген кезде және кеміргіштер болуы мүмкін шаңды бөлмелерде респиратор қолдану қажет. Сондай-ақ кеміргіштермен ластанған болуы мүмкін өнімдерді пайданбау маңызды. Бұл дерт адамнан адамға жұқпайды. Оған шалдыққандар жұқпалы аурулар ауруханасында емделеді, — деп нақтылады Гүлдана Кереева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жануарлардан зардап шеккендер саны 1 800-ден асқанын жазған едік