БҚО-да бюджетке 22 млрд. 220 млн. теңге кедендік төлемдер мен салықтар аударылды
14:14, 02 Желтоқсан 2011
ОРАЛ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы он бір айда 22 млрд. 220 млн. теңге кедендік төлемдер мен салықтар аударылды.
БҚО бойынша кедендік бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бұл департаменттің 172 қызметкеріне шаққанда орта есеппен 127 млн. теңгеден келеді.
Биыл 12 желтоқсанда елімізде кеден органдарының құрылғанына 20 жыл толмақ. Тәуелсіздік жылдарында кеден қызметкерлері де үлкен табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, 1995 жылы облыс кеденшілері республика бюджетіне 260 млн. теңге аударса, 2004 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 12 млрд. теңгеге жетті. Биылғы үлес одан да жоғары.
Ел тәуелсіздігінің және кеден органдарының 20 жылдығына орай департаментте спорттық жарыстар мен қайырымдылық шаралар өткізілді. Мұндай игі істер жалғаса түспек.