ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Crown Batys» мал бордақылау кешенін қалпына келтіру көзделуде. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумының алаңында БҚО әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткен шара барысында Батыс Қазақстандағы мал бордақылау орны мен ет комбинатын жандандыру бойынша меморандумға қол қойылды.
Қол қою рәсіміне А.Көлгіновпен бірге «Dunbia» комбинатының негізін қалаушысы Роберт Джон Добсон (Ұлыбритания), «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов пен «Қазақстан ет одағы» ЖКЗТБ-ның бас директоры Мақсұт Бақтыбаев қатысты.
Кездесу барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығын өркендетуде аймақтың әлеуеті өте жоғары екендігін атап өтті.
«Біз «Crown Batys» мал бордақылау кешенін қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын боламыз. Инвестор аймаққа қаржы құяды, біз ет және ет өнімдері нарығын дамыту мен экспортқа шығару үшін барлық жағдайды жасаймыз», - деді Алтай Көлгінов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).