БҚО-да дала өрті ауылға қауіп төндірді
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, Базаршолан ауылдық округі аумағында қураған шөптің жанып жатқаны жөнінде 30 шілде күні түскі сағат 12.30-да хабар түскен. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға Оралдағы №18 өрт сөндіру бөлімінен бір техника, 5 адам, сонымен қатар ерікті өртке қарсы құрылымнан 3 техника, 50 адам, орман шаруашылығы мекемесінен 2 техника, 7 адам жұмылдырылған. Күшті желдің әсерінен ұйтқи соққан өрт салдарынан бір трактор отқа оранған. Даладағы өрт әлі толықтай сөндіріліп болған жоқ.
Ауыл тұрғындарының мәлім еткеніндей, өрт Базаршоланның іргесіне дейін келген. Абырой болғанда, бірлесе қимылдаудың нәтижесінде ауыл оттан аман қалды. Осы ауылдық округке қарасты Жаманқұдық елді мекенінің тұрғындары да түні бойы өртпен алысып шыққан.
Желдің бағытымен өрт Базаршоланнан Базартөбе ауылдық округіне ауысқан.
Базартөбе ауылдық округінің әкімі Артур Ермұқановтың айтуынша, жалпы өрт Атырау облысы Индер ауданы жағынан кірген. Бұлар Базаршоланға көмекке бара жатқан мезгілде сағат 14.30 шамасында өртке жолшыбай кез болған. Қатты өрттің салдарынан Базартөбе ауылдық округінің шабындығы мен жайылымдық жерлерінің 60 пайызы отқа оранған. Әйтеуір мал-жан аман. Мұнда өрт бүгін таңғы 04.00-дер шамасында сөндірілген. Оған жаңбырдың жаууы да әсер еткен.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, кеше сондай-ақ Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде дала өртеніп, сағат 21.00-де ауыздықталған. Мұндағы өрт шарпыған аумақ анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жыл басынан бері өңірде жалпы аумағы 15807 гектарды құрайтын 187 дала өрті тіркелген болатын. Сондай-ақ 8,7 гектарды құрайтын бір орман өрті орын алды. Ал өткен жылы осы мерзімде жалпы аумағы 1533 гектарды құрайтын 89 табиғи жану оқиғасы тіркелген еді. Яғни биыл дала өрті өршіп тұр.