БҚО-да дала өрті елдімекенге жақындап, 44 адам ауылдан көшірілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өртке байланысты ауылдан 44 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: instagram.com/batysqaz_tjd
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыста бүгін құрғақ шөптің 41 өрті тіркелген.
Соның 20-сы сөндірілсе, Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданында 14 өрт ошағы бақылауда.
«Әсіресе Теректі ауданында күрделі жағдай қалыптасты. Әйтиев ауылы маңында 50 га жер (26 га - құрғақ шөп, 24 га - орман), 2 қора-қопсы отқа оранды. 10 үй (44 адамның 16-сы бала) қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнына облыс әкімі мен ТЖД бастығы барды. Сол секілді Құмақсай ауылы маңында 25 га жерде жалынның орманға ауысу қаупі бар. Жаңаөмір ауылы маңында от аумағы анықталу үстінде. Казталов ауданы Болашақ ауылы маңында 4 800 гектар құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өңірде өрт сөндіру жұмысы жалғасуда», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бірнеше өрт сөндірілгенін жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).