ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер ота жасап, салмағы 9 кг қатерлі ісік өскінін алып тастады.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық онкологиялық диспансердің хирург-онкологтары Руслан Сайденов пен Есенбек Ағайбаев жасаған ота сәтті өткен.
Олар әйелдің адамның жатырынан салмағы 9 кг, көлемі 40 сантиметр қатерлі ісік өскінін алып тастады.
— Қазіргі таңда пациенттің жағдайы қалыпты. Бұған дейін онкологиялық немесе басқа да аурулармен есепте тұрмаған. Әйел ішінің төменгі бөлігі ауырғаннан кейін ғана дәрігерге жүгінген. Диагностикалық тексеру шаралары барысында әйел адамның жатырында үлкен көлемде өскін пайда болғаны анықталған. БҚО онкологиялық диспансері тұрғындарға скринингтік тексеруден уақытылы өту керектігін еске салады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы бес жылда 12 жасөспірімнің жүкті болып қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).