БҚО-да дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың 50-ге жуық дерегі анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмекке қатысты заңсыз алыпсатарлықтың 50-ге жуық дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасы мәлім еткеніндей, Президент тапсырмасына сәйкес өңірде құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, дәріханаларда, әлеуметтік желілерде заңбұзушылық деректеріне қатысты мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Осыған дейін 47 алыпсатарлық дерегі анықталса, соның 22-сі фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар айналымы саласындағы ережені бұзу, соның ішінде Қазақстанда қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттарды өткізу, сондай-ақ бағаны шектен тыс арттыруға қатысты. 9-ы заңсыз фармацевтикалық қызметпен, үшеуі тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты.

Мысалы, мобильдік топ инфлюцит препаратының 1 орамын 3 мың теңгеден сату дерегін анықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы 15 шілдедегі бұйрығы бойынша бұл дәріге 2 571 теңге мөлшерінде шекті баға белгіленген. Осылайша жосықсыз кәсіпкер Орал қаласы аумағында дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сатқан.

Тағы бір фармацевтикалық фирма Қазақстанда қолдануға рұқсат етілмеген ингаварин дәрісінің 20 капсуласын қала аумағында 17 270 теңгеге өткізген.

Күні бүгінге дейін 34 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған істер сот пен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде қаралуда.

Сонымен қатар заңсыз айналымнан алынған дәрі-дәрмектер мен 561 млн астам теңгеге бағаланған жеке қорғаныс құралдары денсаулық сақтау органдарына берілді.

Қазіргі уақытта мобильдік топ жұмысын жалғастыруда. Дәрілік заттардың бағасын көтеру дерегі болса, тұрғындар 8 (7112) 51-06-96 телефонына хабарласа алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда дәрі-дәрмек сатуда заң талабын бұзғандарға айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.