ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер жол апатынан жарақат алған 5 адамның жағдайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Самара-Шымкент трассасында екі адам мерт болған еді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жол апаты салдарынан түрлі жарақат алған 5 адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Оның айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша 1993 жылғы жігіт түрлі сынық жарақаттарын алған. Жансақтау бөлімшесінде, жағдайы ауыр.
«Сондай-ақ бас пен мидың жабық жарақатын алып, миы шайқалған 1966 жылғы ер адам мен 1991 жылғы әйел нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Сол жақ жамбас сүйегі сынған 2001 жылғы жігіт жарақат бөлімінде. Шамамен 30 жастағы әйелдің миы соғылған, екінші дәрежелі комада, жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр», деді А.Сақпосынова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).