ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Деркөл өзеніндегі су деңгейі Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылы тұсында қауіпті шегіне дейін жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау аға лейтенанты Роллан Нұржановтың айтуынша, 7 сәуір күні сағат 23.00-де Деркөл-Тасқала гидробекетінде су деңгейі 519 сантиметрге жетті. Соған байланысты ТЖ департаменті ескерту жариялап, тиісті шаралар алынды. Бүгін таңертең судың беті қайтып, 484 сантиметрге дейін түсті.
«Жауапты қызметкерлер түнімен кезекшілікте болды. Суға кетуден аманбыз. Қазір мұз жоқ, су жақсы кетіп жатыр. Жағдай бақылауда», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева.
Айта кетейік, 2011 жылғы қатты тасқын кезінде Тасқала ауылының да бір бөлігін су басып, үйлері суға кеткендер үшін жаңадан баспана салынған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).