ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 269 793 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, бұл – облыс бойынша егілуге жататын тұрғындардың 65,1 пайызы.
Сондай-ақ 254 888 адам (61,5 пайызы) екінші компонентімен егілді. 54 669 адам ревакцинациядан өтті.
Өңірде 9 650 адам Pfizer вакцинасын қабылдаса, соның 347-сі – жүкті, 4 276-сы – бала емізетін әйелдер, 5 027-сі –жасөспірімдер.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, осы кезге дейін 49 367, соның ішінде биыл 9 297 адам коронавирус жұқтырды.
Соңғы тәулікте 71 адамнан індет табылса, 30 науқас жазылып шықты.
Қазіргі таңда 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда 209 науқас емделіп жатыр. Соның 193-і қаладағы 8 ауруханада.
Жансақтау бөлімшесіндегі 16 науқастың 12-сі ауыр, төртеуі аса ауыр халде.
Жыл басынан бері 29 адам коронавирустан қайтыс болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 54 мыңға жуық адамның ревакцинациядан өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).