БҚО-да екі ғасырға жуық тарихы бар ауылда жаңа әкім сайланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының үш ауданында жаңадан ауыл әкімдерін сайлау өткізілді.
Фото: Ұлпан Жакина
БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан мәлім еткеніндей, Бөкей ордасы ауданы Орда ауылдық округі әкімі болу үшін үш кандидат сайлауға түсті.
Сайлау қорытындысында дауыс берушілердің 83,27 пайызы Ғайса Махимовты қолдады.
Фото: Ұлпан Жакина
Осыған дейін Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры қызметін атқарған Ғайса Темірболатұлы енді тарихи ауылға жетекшілік ететін болады.
Фото: БҚО аумақтық сайлау комиссиясы
Алдағы жылы Жәңгір хан іргесін қалаған Орда ауылына 200 жыл толады.
Сондай-ақ Бөрлі ауданында Нұрлан Ғазиев қайтадан Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ал Азат Қожаниязов Достық ауылдық округінің тізгінін ұстады. Жәнібек ауданында Ақоба ауылдық округінің тұрғындары Нұрлыбек Жакинге қайтадан сенім артты.
Фото: БҚО аумақтық сайлау комиссиясы
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Зачаган кентінде әкім сайланғанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).