ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде оқыс оқиға болды.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, 14 қаңтар күні екі тұрғын жиырма жасар жігітке оқ атқан. Алдымен олар оны көшеге шақырып алған. Содан кейін екі рет оқ атылып, біреуі оның ішіне, екіншісі қолынан тиген.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.
— Аталған дерекке сәйкес Шаған полиция бөлімі бұзақылық және кісі өлтіруге оқталу қылмысы бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өзенге батып кеткен автокөліктен екі ер адамның денесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).