ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында екі автокөлік соқтығысып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін таңертең Меловые горки маңындағы жаңа көпірге бара жатқан жолда болды.
Сағат 05.28-де жедел жәрдемге қоңырау шалынған.
Оқиға салдарынан Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында тұратын 20 жастағы қыз ашық бас-ми жарақатын алды. Облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөліміне жатқызылған оның жағдайы орташа ауыр.
Осы ауылда тұратын 50 жастағы ер адамның қолының еті көгерген, ол ауруханаға жатудан бас тартты.
Сондай-ақ 34 жастағы Алматы қаласының тұрғыны жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Ол да ауруханаға жеткізілгенімен, онда жатудан бас тартты. Жағдайы тұрақты.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Ақсай қаласы жақтан келе жатқан Renault Logan мен Оралдан шыққан Toyota Land Cruiser автокөлігі соқтығысқан. Бірінші көлікте үш адам, екіншісінде жүргізуші ғана болған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).