ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі қожалық басшысы жалған мәліметпен мемлекеттік бағдарлама бойынша 3,1 миллион теңгеден астам қаржы алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріс барысында екі алаяқтық дерегі анықталды.
Атап айтқанда, 59 жастағы шаруа қожалығының басшысы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметкерлер туралы жалған мәлімет беріп, 1 млн 273,440 мың теңге алған.
Дәл осындай әдіспен 45 жастағы «Закария» ШҚ басшысы 1 млн 902,250 мың теңгеге қол жеткізген.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).