ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі күнде үш бала суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға Қазталов ауданы мен Орал қаласында орын алды.
10 шілде күні Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында Қараөзенге 2013 жылғы ер бала батып кетті. Ол шомылуға жабдықталмаған жерден түскен. Сағат 21.19-да жергілікті тұрғындар марқұмның денесін судан шығарып алды.
Кеше сағат 16.12-де Оралда Елизаров көшесі ауданында 2006 жылғы ұл және 2008 жылғы қыз бала Жайық өзенінен шықпай қалды. Олар да шомылуға тыйым салынған белгіге қарамастан, суға түскен. Кейін екеуінің денесін құтқарушылар алып шықты.
Осымен биыл өңірде 24 адам суға кетсе, соның жетеуі балалар болып отыр.
БҚО ТЖ департаменті ата-аналардан балаларын суға түсуге жалғыз жібермеуді, қараусыз қалдырмауды өтінеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).