Бұл туралы бүгін БҚО әкімдігінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, халықаралық көрменің ашылуына 100-ден астам батысқазақстандық қатысты. 11 маусым күні де сонша адам көрмені тамашалады. Ал бүгін олардың саны 450-ден асты, соның ішінде Ақжайық ауданынан 150-ден астам оқушы ұйымдасқан түрде барды. Алғашқы аптаның өзінде Батыс Қазақстаннан ЭКСПО-2017 көрмесінде 3-4,5 мыңдай тұрғын болмақшы.
Халықаралық көрмені көрсем деушілердің қатары күн санап көбейе түсуде. Осыған байланысты облыс әкімі Алтай Көлгінов басқармалар басшыларына насихат және ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі жүргізумен қатар халықтың аз қамтылған топтарына қолдау көрсетуді, сондай-ақ балалардың сапар кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Айта кетейік, Орал қаласында ЭКСПО-2017 көрмесіне барғысы келетіндер үшін арнайы кеңсе ашылып, жұмыс жасауда.