БҚО-да ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жас ақындар айтысы өткізілді

None
ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Зеленов ауданының орталығы Переметный кентінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жас ақындар айтысы өткізілді.

Айтысқа қатысушылар мен көрермендерді аудан әкімі Ғайса Қапақов мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Барлығы он ақын қатысқан сайыс қорытындысында өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде көрініп, көптеген жыр додаларынан олжалы оралып жүрген оралдық Талғат Мықи бас жүлдені жеңіп алды. Эльдар Иқсанов - бірінші, Жақсылық Еслямғалиев, Айнабек Бисенғалиев, Мұрадым Мирланов, Санат Кәрімов, Мейірман Шәкеновтер басқа орындарды бөлісті.

Кеңестік дәуірде өзге ұлт өкілдері көбірек қоныстанып, тәуелсіздік жылдарында ғана мемлекеттік тілге бетбұрыс жасалған ауданда айтыстың ұйымдастырылуы өте орынды болды.