БҚО-да «Елбасы медалі» жобасына қатысуға 400-ге жуық адам тілек білдірді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Елбасы медалі» республикалық жобасына қатысуға 400-ге жуық адам тілек білдірді. Бұл туралы брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өтініш берушілердің саны бұдан да артатын болады.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және олардың үйлесімді жетілуіне мүмкіндік беретін «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен өтіп жатыр.

Әр қатысушыға жеті бағыт ұсынылған. Олар: спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, еріктілік, туристік саяхаттар, кітап оқу, ұлттық мұра және еңбек тәжірибесі.

З.Ғұмарованың сөзіне қарағанда, байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ол үшін me.fpp.kz онлайн-платформасына тіркеліп, ұсынылғаналтын, күміс немесе қола бағыттарын таңдау керек. Содан кейін тәлімгердің көмегімен өз қалауымен іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын жасай алады. Мүмкіндігі шектеулі жастардың бағдарламаға қатыса алатындай жеке кесте құруына да жағдай жасалады. Тағы бір айта кететін жайт, бағдарлама аясында еріктілердің қызметі Мемлекет басшысының Еріктілер жылының ашылуы кезінде айтқан міндеттеріне сәйкес болады.

«Елбасы медалі» – болашақ мектеп түлектері үшін де елдегі ЖОО-да білімдерін жалғастыруға бағытталған тың қадам. Медаль иегерлерінің ұпайлары тең болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім грантын, сондай-ақ облыс әкімінің грантын алуға толық құқығы бар.

«Елбасы медалі» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында облыста барлық қажетті шаралар алынды. Бағын сынамаққа ұмтылған жастар үшін облыс әкімдігі бұл мақсатқа қажетті қаржыны бөлді, тәлімгерлер іріктеліп, оқытылды», деді Зәуре Базарғалиқызы.

Сол секілді Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ел үміті» жобасы аясында ауыл мектептері оқушылары арасында «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өткізілуде.

Олимпиаданың бірінші іріктеу кезеңі 2020 жылғы 24 ақпаннан бастап 5 наурызға дейін ұйымдастырылды. Оған облыс бойынша ауыл мектептерінің 9 мыңнан астам 5-6 сынып оқушылары қатысты. Оның нәтижесі бойынша 200 қатысушы екінші кезеңге іріктелді.

Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 25 мамырдағы хаттамасының негізінде 25-26 маусымда өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында санитарлық-қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, олимпиаданың екінші кезеңін өткізу жоспарлануда.

Екінші кезеңде функционалдық сауаттылық пен абстракты-логикалық ойлауды бағалайтын компьютерлік тестілеу жүргізіледі. Екінші кезеңдегі сынақтың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі тараптар үшін бейне-трансляция ұйымдастырылады. Онлайн-трансляция сілтемесі www.fpp.kz сайтына жарияланады.

Тестілеудің ең жоғарғы ұпайы – 100 балл. Қайта тестілеу және апелляция беру қарастырылмаған.

Оқушы жауаптарының нәтижелерін өңдеу әр тапсырманың қиындық деңгейін анықтайтын және тест бөлімі үшін жалпы баллдағы үлесін есептейтін автоматтандырылған статистикалық және психометриялық талдау арқылы өтеді. Бұл тәсіл нәтижелердің объективті және сенімді бағалануын қамтамасыз етеді.

«Ауыл мектептері үшін «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау үшін 10 пайыз квота белгіленеді», деді З.Ғұмарова.