БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 1 қарашадан бастап өңірде қардың көп түсуіне және күшті желге байланысты электр желілері жиі үзілді.
Оның сөзіне қарағанда, Орал қаласы мен облыстың алты ауданында кешеден бері 7 мыңдай абонент электр жарығынсыз қалды.
2 қараша күнгі сағат 11.00-дегі мәлімет бойынша, 5764 абонент жарықсыз отыр. Атап айтқанда, Орал қаласында 1900, Теректі ауданында 1250, Сырымда 745, Бөрліде 1869 абонент электр желісінен ажыратылған.
«Қазіргі таңда облыста қалпына келтіру жұмыстарына 35 арнайы техника тартылған. 28 бригада құрамында 92 адам жұмыс істеуде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Нұртазиев.
Аталған басқарма мәліметіне қарағанда, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» ЖШС барлығы 20 305 км электр желісі бойынша қызмет көрсетеді. Орта есеппен электр желілері мен қосымша стансалардың 82 пайызы тозған. Соның салдарынан, сондай-ақ ауа райына байланысты биылғы тоғыз айда 266 апаттық үзілу тіркелген.
БҚО әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 2019,5 км электр желісін жөндеу көзделген. Сонда электр желілерінің тозуы 62 пайызға дейін төмендейді. Осы мақсатқа 2023-2025 жылдары жергілікті және республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында алғашқы қар жауғанын, 6 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалғанын жазған болатынбыз.