БҚО-да елуге жуық елді мекенді ауыз сумен қамтуға 5,7 млрд. теңге бөлінді
Өңір басшысының айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес халықтың өзекті мәселелерін шешу мақсатында жыл бойы тұрғындармен кездесулер өткізіліп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Соның ішінде ең көкейкесті мәселенің бірі осы ауыз су болды. Нақты айтқанда, облыс ауылдарының 30 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған. Осы мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, алдағы жылға қомақты қаржы қаралды. Сол секілді 2017 жылы Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек және Сырым аудандарында 29 ауылға газ құбыры тартылмақшы. Бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге берілді. Оған қоса Орал қаласында орталықтандырылған жылыту жүйесіне резервтік газ құбырын тарту үшін 2 млрд. теңге қарастырылды. Жалпы, қай сала да назардан тыс қалмайды. Мысалы, Орал қаласы мен басқа жерлерде халық санының, әсіресе, балалардың көбеюін ескере отырып, өңірде төрт мектеп салу үшін 4,3 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ соңғы жылдары қарқын алған жол құрылысы алдағы жылы да жүргізіледі. Орал қаласы мен ауылішілік жолдар өз алдына, облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті жолдарды жөндеу үшін 7,6 млрд. теңге жұмсалады. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қор қаржысы есебінен Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолын қайта салу жалғасады. Биыл 215 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, 2017 жылы Теректі ауданындағы аурухана осындай жөндеуден өтеді. Денсаулық сақтау мекемелеріне 1,2 млрд. теңгеге жаңа құрал-жабдық алынбақшы. Теректі ауданы Подстепный ауылында мәдениет үйін салу үшін 163 млн. теңге бөлінді. Өзге де жұмыстар кезегімен атқарыла бермек.
Сессияда БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлім еткеніндей, 2017 жылға арналған облыстық бюджет түсімдер мен шығыстар бойынша 111,1 млрд. теңге көлемінде белгіленді. 2017 жылға арналған бюджет түсімдері 29,4 млрд. теңге көлеміндегі өзіндік кірістерден, 47,5 млрд. теңге жалпы сипаттағы трансферттер (субвенциялар) және 33,4 млрд. теңге мақсатты трансферттер мен несиелер негізінде қалыптасты. Халықты әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау мен білім беру, өмір сүру деңгейін жақсарту сынды негізгі бағыттардан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 2,4 млрд. теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 3,6 млрд. теңге, кәсіпкерлікті қолдауға 1,4 млрд. теңге берілді. Оған қоса республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері мен несиелері есебінен ауылдық елді мекендерде 29 сумен қамту нысанын салу мен қайта құруға 5,3 млрд. теңге, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға 3,3 млрд. теңге, Орал қаласында басталған екі мектептің құрылысын жалғастыру мен тағы қос мектепке 4,3 млрд. теңге, автокөлік жолдарын қайта құру мен орташа жөндеуге 4 млрд. теңге қаралды.