БҚО-да Еңбек Ері Вардан Чамчиянның 100 жылдығы аталып өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Шалғай ауылында Социалистік Еңбек Ері Вардан Шноркович Чамчиянның 100 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вардан Чамчиянның есімі Қазақстандағы тың игеру науқанымен тікелей байланысты. 1954 жылы осында алғашқы тың игерушілер қатарында келген ол «Пермь» кеңшарында бас агроном болды. Арада үш жыл өткеннен кейін кеңшар директорлығына ауысқан ол осы қызметті 22 жыл бойы абыроймен атқарды. Әсіресе, ол білікті агроном ретінде егін шаруашылығының алға басуына сүбелі үлесін қосып, кеңшардағы егістік көлемін 40 мың гектардан асырды. Егін мен мал шаруашығынан мол өнім алуды қамтамасыз етумен бірге көптеген тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салғызды. Осындай зор табыстары үшін оған 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

 

Еңбек Ерінің 100 жылдығына орай ауылдағы орталық саябақта мүсіні орнатылып, ол салтанатпен ашылды. Оның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов Вардан Чамчияндай еңбек майталмандарының ісі бүгінгі таңда да жалғасып, биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аудан егіннен мол өнім алып отырғанын атап өтсе, шара барысында В.Чамчиянның ұлы Сергей Чамчиян, еңбек ардагері Ғалинұр Шамшаева, осы өңірдің түлегі, ғалым, Оралдағы «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов және басқалар естеліктерімен бөлісті. Өңірдегі армян этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Аветик Амирханян армян халқының даңқты ұлына көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін мерейтойға келгендер ауылдық клубта Вардан Чамчиянға арналған кітап көрмесімен танысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.