Департамент басшысы Асылұлан Досжановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кездегіден (1 090) 88 пайызға көп.
Асылұлан Тұрсынұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде жеке адамдар 1 970 (2025 жылы осы мерзімде — 1 038), заңды тұлғалар 79 (52) өтініш берген.
— Өтініштерде негізінен жалақы және өзге де төлемдердің уақытылы және толық төленбеуі, жұмыстан босату, тәртіптік жаза қолдану, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге қатысты мәселелер көтерілген. Сәйкесінше өтініштер санының өсуіне байланысты биыл тексеру іс-шараларының саны да артты, — дейді А.Досжанов.
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 161 кәсіпорын-ұйымды тексерген, бұл өткен жылғыдан (117) 38 пайызға артық.
Тексеру барысында 191 заң бұзу анықталса (2025 жылы — 139), соның 170-і (130) еңбек қатынастары, 21-і (9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласының үлесіне тиеді.
Департамент деректеріне сәйкес анықталған заң бұзу бойынша 134 ұйғарым (91) беріліп, 12,023 млн теңге сомасына 58 айыппұл салынды (10,557 млн теңге). Сондай-ақ 1 ескерту жасалды.
А.Досжановтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда бірқатар күрделі мәселелер өзекті болып отыр.
Еңбек саласындағы негізгі мәселелердің бірі — бейресми еңбек қатынастары: жұмыскерлерді еңбек шартын жасаспай, жұмысқа жіберу, сондай-ақ жалақының бір бөлігін «конвертпен» төлеу. Мұндай деректер, әсіресе, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында, оның ішінде жеке кәсіпкерлерде, шаруа қожалықтарында және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде кездеседі.
Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскермен еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасасуға міндетті.
Жұмысқа жіберу тек еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Неліктен еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеу соншалықты маңызды? Ең алдымен еңбек шарты жұмыскердің өзін қорғайды.
Ресми түрде жұмысқа орналасқан кезде жұмыскердің еңбек функциясы, еңбек жағдайлары мен жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі, тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалады.
Ал еңбек қатынастары рәсімделмеген жағдайда жұмыскер бірқатар тәуекелдерге тап болады.
Біріншіден, тиесілі жалақыны толық алмау қаупі туындайды.
Екіншіден, бейресми жұмыспен қамтылу міндетті зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің болмауына немесе тиісті деңгейде аударылмауына әкелуі мүмкін.
Үшіншіден, жұмыскерде еңбек өтілін және атқарылған жұмыстың сипатын растауда қиындықтар туындайды.
Төртіншіден, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына, уақытша еңбекке жарамсыздыққа, өтемақы төлемдеріне және өзге де еңбек кепілдіктеріне қатысты мәселелер пайда болуы ықтимал.
Әсіресе, бұл мәселе өндірістегі жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру орын алған жағдайда аса өзекті. Өйткені еңбек қатынастарының тиісті түрде рәсімделмеуі және міндетті төлемдердің болмауы жұмыскердің құқықтарын растауды және заңнамада көзделген төлемдер мен кепілдіктерді алуды едәуір қиындатады.
— Еңбек шартынсыз жұмысқа жіберу тек жұмыскер үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де теріс салдарға әкеледі. Еңбек шартын жасаспай, адамды жұмысқа жібергені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, — деп қосты А.Досжанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да еңбек инспекторларының тексеруі нәтижесінде 235 заң бұзу анықталғанын жазған едік.