ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ер адам жиенін құтқарамын деп екеуі де суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 12 тамыз күні Бөрлі ауданында болды.
Ақсай қаласынан 35 шақырым жерде «Рахметов» шаруа қожалығы аумағында Березов өзенінен сағат сағат 15.50-де жедел құтқару жасағының (4 қызметкер, 1 жүзу құралы, 1 техника) күшімен 48 жастағы ер адамның және 17 жасар қыздың денесі шығарылды. Ер адам шомылуға жабдықталмаған жерден түсіп, суға батып кеткен жиенін құтқармақ болған.
Осымен жыл басынан бері өңірде 29 адам суға кетсе, соның 10-ы – жасөспірімдер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өзенге батып кеткен 20 жастағы жігіттің денесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).