ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жамбасынан оқ жарақатын алған ер адамға ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 17 шілдеге қараған түні Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында болған.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, екі ер адам бір-бірімен көшеде сөзге келіп қалған. Содан кейін біреуі үйіне келген. Есік қағылып, ашқан кезде оны мылтықпен атып кеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, 17 шілде күні таңғы сағат 06.30-да жас адам Ақжайық аудандық орталық ауруханасына түскен. Жамбасынан оқ тиген әрі сынған. Сол күні оған ота жасалды. Қазіргі кезде жағдайы орташа ауыр дәрежеде, бірте-бірте жақсарып келеді.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға туралы мәліметтің кейін берілетінін жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).