ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол апатын жасаған жүргізуші мас күйде болғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 қазан күні таңғы уақытта 33 жастағы жүргізуші «Лада Гранта» көлігімен қарсы бетке шығып кетіп, «Лада-21114» автомашинасымен соқтығысты. Салдарынан екінші көлікте болған 69 және 71 жастағы ерлі-зайыптылар (жүргізуші мен жолаушы) сол жерде жан тапсырды.
Ал «Лада Грантаның» жүргізушісі мен екі жолаушысы түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Медициналық куәландыруға сәйкес «Лада Гранта» автокөлігінің жүргізушісі орта дәрежелі мас күйінде болған», - деп хабарлады департаменттен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).