БҚО-да Есенсай ауылына таза су берілді

None
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақжайық ауданының Есенсай ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес таза ауыз су құбыры пайдалануға берілді.

Ауылдың терістік жағынан 5 шақырым қашықтықтан 5 ұңғыма арқылы сорылған жерасты суы ауылға жетіп, 271 баспанаға келді. Мұның ішінде мектеп, амбулатория, мәдениет үйі, әкімдік кеңсесі сияқты маңызды ғимараттар да бар. Электр қуатымен жабдықтау үшін 6 КТП орнатылып, 6 шақырымдай электр бағандары тұрғызылды. Барлығы 15685 м. жерасты полиэтилен құбырлары тартылды. Су сорғылар мен тұндырғыш нысандар жобаға сәйкесті орнатылды. Бұлар электр қуатымен жылытылып тұр. Нысандарға мықты қоршаулар тұрғызылып, байланыспен қамтылған. Осы құрылысқа республикалық бюджеттен қаралған 225,4 млн. астам теңге толық игерілді. Құрылыстың бас мердігері - «КМТ-СитиСтрой» ЖШС (директоры Мәлік Қапанов), бас жобалаушы - «Уралводпроект» ЖШС.

Аудан әкімінің орынбасары Бағдат Хайруллиннің сөзіне қарағанда, Есенсайдың бүгінгі және болашақтағы игілігі тек бұл емес. Алдағы кезде Қабыл ауылы тұсынан Есенсайға Жайық табанымен газ өткізу ісі де шешілетін болады. Бұл газ құбыры Сайқұдыққа дейін жетеді. Еліміздің келешегі осындай келелі істермен көрікті болмақ.