Департамент басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, сотқа талап арыз жолдауға Оралдан бөлек, Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Қарағанды қалаларында тұратын азаматтардан келіп түскен өтініштер себеп болды.
Тұтынушылардың айтуынша, барлық өтініш беруші 2025-2026 жылдары бөлмеаралық есіктерді (жиһазды) жеткізуге тапсырыс рәсімдеп, кәсіпкерлік субъектісіне төлемді уақытылы жүргізген. Алайда өтініш берушілер тауарды белгіленген мерзімде алмаған, ал сатушы тарапынан сатып алушыларға ақшалай қаражатты қайтару осы уақытқа дейін жүргізілмеген.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 7-бабына сәйкес тұтынушылар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтетуге құқылы.
Осы Заңның 24-бабына сәйкес кәсіпкерлік субъектісі тауардың кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалдарды толық көлемде өтеуге міндетті. Сондай-ақ Азаматтық кодекстің 272-бабы бойынша міндеттеменің шарттары заңнама талаптарына сәйкес мерзімінде және тиісінше орындалуға тиіс.
— Мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектісін барлық өтініш берушіге жалпы сомасы 25 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты қайтаруға міндеттеу туралы талап қойды. Департамент тұтынушылардың назарына соттың осы талап арызды қарау нәтижелері туралы ақпаратты міндетті түрде жеткізетін болады, — деді Э.Қиматова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 150-ге жуық кәсіпкерлік нысаны сауда үстемесін асырып жібергенін жазған едік.